Мәзір
Футбол

Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» «Марсельді» тізе бүктірді

Сабина Асқарқызы 98 қаралым
Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» «Марсельді» тізе бүктірді

Кеше УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі басталды. Алғашқы турдың алғашқы матчтарында футбол жанкүйерлері бірқатар тартысты ойындарға куә болды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Испаниялық «Реал Мадрид» өз алаңында Францияның «Марсель» командасын қабылдады. Қонақтар 22-минутта Тимоти Веаның голының арқасында алға шыққан еді. Алайда көп ұзамай мадридтіктердің жұлдызы Килиан Мбаппе екі мәрте (29 және 81-минутта) мергендік танытып, командасына жеңіс сыйлады – 2:1.

Турдың өзге матчтарында мынадай нәтиже тіркелді:

«Арсенал» сырт алаңда Испанияның «Атлетигін» 2:0 есебімен ұтты;

«Тоттенхэм Хотспур» Испанияның «Вильярреалын» 1:0 есебімен жеңді;

Бельгияның «Юнионы» Нидерландтың ПСВ командасын 3:1 есебімен сан соқтырды;

Әзербайжанның «Қарабахы» Португалияның «Бенфикасын» 3:2 есебімен сенсациялық түрде жеңді;

«Ювентус» пен «Боруссия Дортмунд» арасындағы матчта 8 гол соғылып, кездесу 4:4 есебімен аяқталды.

Алдағы ойындар 17 қыркүйекте өтеді. Жанкүйерлер «Олимпиакос» – «Пафос», «Славия Прага» – «Буде-Глимт», ПСЖ – «Аталанта», «Аякс» – «Интер», «Ливерпуль» – «Атлетико Мадрид», сондай-ақ «Бавария» – «Челси» кездесулерін тамашалайды.

Айта кетейік, «Қайрат» өзінің алғашқы ойынын 18 қыркүйектен 19-на қараған түні өткізеді. Алматы клубы сырт алаңда Португалияның «Спортинг» командасымен ойнайды.

«Қайраттың» топтағы қарсыластары қатарында Еуропаның ең беделді клубтары бар: «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Спортинг» (Португалия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания).

 

Фото: championat.com

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар