«Челси» футболшысы «Реалға» қатысты сөзі үшін шеттетілді
Лондондық «Челси» клубы аргентиналық жартылай қорғаушы Энцо Фернандесті «Реал Мадридке» қатысты айтқан мәлімдемесі үшін уақытша ойындардан шеттетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы команданың бас бапкері Лиам Росеньор хабарлады. Оның айтуынша, футболшы алдағы екі матчқа қатыса алмайды.
«Мен Энцомен бір сағат бұрын сөйлестім. Клуб шешімі бойынша ол ертеңгі ойынға да, «Манчестер Ситиге» қарсы матчқа да қатыспайды. Энцоның мұндай мәлімдеме жасағанына өкініш білдіремін. Ол туралы жаман ештеңе айта алмаймын, бірақ ол біздің клуб мәдениетіне қайшы келетін шектен асып кетті, - деді бапкер.
Сонымен қатар ол бұл жағдай футболшымен толық қоштасу емес, тек тәртіптік жаза екенін атап өтті.
25 жастағы Энцо Фернандес сұхбаттарының бірінде Мадридте тұрғысы келетінін айтқан. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында оның «Реал Мадрид» клубына ауысу мүмкіндігін қарастырып жүргені туралы ақпарат тараған. Ал белгілі инсайдер Фабрицио Романо мадридтік клуб жайлы сұраққа футболшының тек жымиып, нақты жауап бермегенін жазды.
Айта кетейік, «Челси» 4 сәуір күні Англия кубогының ширек финалында «Порт Вэйлге» қарсы ойнайды. Ал Англия чемпионаты аясындағы «Манчестер Ситиге» қарсы кездесу 12 сәуірде Лондонда өтеді.
Ағымдағы маусымда Фернандес «Челси» сапында барлық турнирлерде 46 матч өткізіп, 12 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген.
Сондай-ақ лондондық клуб Чемпиондар лигасының 1/8 финалында француздық ПСЖ командасынан жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған