«Бұл тек бастамасы»: Бауыржан Исламхан Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуына пікір білдірді
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Бауыржан Исламхан жас футболшы Дастан Сәтпаевтың Англияға ауысуына қатысты ойын айтты. Бұл туралы ASnews.kz сайты хабарлады.
Тәжірибелі ойыншы 17 жастағы таланттың жолын өз жастық шағымен салыстыру дұрыс емес екенін атап өтті.
«Дастанмен салыстыруға болмайды. Біріншіден, оны ағылшын клубы сатып алып отыр. Менің жастық шағымда Англиядан ұсыныс түгілі, мұндай мүмкіндік болмаған. Дастан 17 жасында шетелге кетіп жатыр – бұл үлкен еңбектің нәтижесі. Мен оның осы жетістікпен тоқтап қалмайтынына сенімдімін. Бұл тек бастамасы болсын», – деді Исламхан.
Сондай-ақ ол «Қайраттағы» кезеңін еске алып, академия тәрбиеленушілерінің өсіп-жетілгеніне қуанышын жеткізді.
«Мен «Қайратта» ойнаған кезде бұл балалар академияда жүрген еді. Содан бері 5-6 жыл өтті. Қазір олар есейіп, үлкен футболға келді. Дастанға тек сәттілік тілеймін, – деп түйіндеді экс-капитан.
Айта кетейік, өткен маусым Дастан Сәтпаев үшін нағыз серпіліс болды. 17 жастағы шабуылшы ересектер деңгейіндегі алғашқы маусымында «Қайрат» сапында барлық турнирде 41 матч өткізіп, 19 гол соғып, 8 нәтижелі пас берген.
Футболшы 18 жасқа толған соң, ресми түрде Лондонның «Челси» клубына қосылады деп күтілуде.
Фото: Instagram/f.c.kairat
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған