«Бұл – масқара»: Гризманн «Тоттенхэм» бапкерінінің шешімін айыптады
«Атлетико» шабуылшысы Антуан Гризманн мадридтік клубтың 5:2 есебімен сенімді жеңісінен кейін «Тоттенхэм» командасының бас бапкері Игорь Тудордың шешімін қатты сынға алды.
Футболшының айтуынша, бапкердің 22 жастағы қақпашы Антонин Кинскиді ойынның небәрі 17-минутында ауыстыруы ойыншы үшін психологиялық тұрғыдан өте ауыр соққы болған.
Еске салсақ, Тудор бұл матчта негізгі қақпашы Гульельмо Викарионың орнына жас Кинскиді негізгі құрамға шығарған еді. Алайда бұл тәуекелді шешім өзін ақтамады. Чех қақпашысы бірнеше өрескел қателік жіберіп, соның нәтижесінде мадридтік клуб алғашқы 17 минуттың өзінде үш гол соқты.
«Атлетиконың» голдарын Маркос Льоренте, Антуан Гризманн және Хулиан Альварес салды. Осыдан кейін Тудор қақпашыны дереу ауыстырып, Викарионы алаңға шығаруға мәжбүр болды.
Матчтан кейін Кинскидің қателігіне себепкер болған ойыншылардың бірі Гризманн күтпеген жерден жас қақпашыны қорғап шықты.
«Менің ойымша, бұл – масқара. Егер бапкер қақпашыны негізгі құрамға шығарса, онда оны соңына дейін қолдауы керек. Психологиялық тұрғыдан бұл Кински үшін өте ауыр соққы», – деді Гризманн FourFourTwo басылымына берген сұхбатында.
Мадридтегі «Эйр Метрополитано» стадионында өткен ойын нағыз гол мерекесіне айналды. Викарио алаңға қайта шыққаннан кейін де «Тоттенхэм» тағы бір гол жіберіп алды – 22-минутта «Атлетико» төртінші голын соқты.
Кездесу қорытындысында мадридтік клуб 5:2 есебімен жеңіске жетті.
ФОТО: Getty Images
Ең көп оқылған