Бүгін Қызылордада Қазақстан кубогының финалы өтеді

Бүгін, 4 қазанда, Қызылорда қаласындағы «Қайсар Арена» стадионында Қазақстан кубогының шешуші ойыны өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Финалда шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» бас жүлде үшін таласқа түседі. Кездесу 19:00-де басталып, «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойынның бас қазысы болып Швейцариядан келген Свен Вольфенсбергер тағайындалды. Оған қапталдан отандастары Стефан Де Альмейда мен Йонас Эрни жәрдемдеседі. VAR жүйесін швейцариялық төреші Йоханнес фон Мандах қадағалайды. Ал AVAR төрешісі қызметін астаналық Арман Есмұратов атқарса, қосалқы төреші міндетін көкшетаулық Данил Горда орындайды.
Қазақстан кубогы алғаш рет 1992 жылы ұйымдастырылған болатын. Содан бері 15 түрлі команда бұл жүлдені иеленді. Олардың ішінде рекорд иесі — 10 мәрте жеңіске жеткен алматылық «Қайрат». «Жеңіс» (Астана) пен «Астана» клубтары үш реттен топ жарса, «Тобыл», «Ақтөбе», «Қайсар» және «Ордабасы» екі реттен кубок иегері атанған. Сондай-ақ «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы) және «Спартак» (Семей) бір мәртеден жеңіс тұғырына көтерілген.
Биылғы додаға Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига өкілдерінен құралған 30 команда қатысты. Алғашқы кезеңде төменгі лига клубтары іріктеу сынын өткізді. Солардың үздіктері 1/8 финалда Премьер-лига командаларына қосылды.
Финалдың жеңімпазы 2026 жылғы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.
Фото: ҚФФ


Ең көп оқылған
