Бибісара Асаубаева: 25 миллион теңге сыйақы қарызды жабуға кетті
Қазақстанның ең үздік шахматшыларының бірі, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Tengri Sport тілшісіне тарихи жетістігі үшін берілген 25 миллион теңге сыйақының негізгі бөлігі жаттықтырушылар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалатынын айтты.
2025 жылдың соңында ол блицтен үшінші рет әлем чемпионы атанып, елге оралған соң Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан 25 миллион теңге көлемінде марапатқа ие болды. Алайда спортшының айтуынша, чемпиондық атақ үлкен қуаныш болғанымен, кәсіби спорттағы тұрақты шығындар мен еңбекақылар бұл соманы толық еркін пайдалануға мүмкіндік бермейді.
Бибісара желтоқсан айындағы жұмысы үшін бапкеріне әлі де қарыз екенін жасырмады. Оның айтуынша, әлем чемпионатынан кейін бірден 10 күндік оқу-жаттығу жиынына қатысып, артынша Нидерландыдағы Вейк-ан-Зее турниріне барған.
Tata Steel Chess Tournament – шахмат әлеміндегі ең беделді әрі күрделі жарыстардың бірі. Турнир барысында да жаттықтырушысы жанында болып, ойын мен дайындық процесіне көмектескен.
Шахматшының айтуынша, оның командасында жеке дебют бапкері, эндшпиль және миттельшпиль мамандары, спарринг-серіктестер бар. Жалпы құрамда 11 адам жұмыс істейді.
Бибісара жылына жаттықтырушысымен 10 күндік алты оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Яғни, барлығы 60 күн. Бір күндік дайындық құны – 1000 еуро (шамамен 587,7 мың теңге).
Бұл дегеніміз, тек бір бапкердің өзіне жылына шамамен 60 мың еуро (35,2 миллион теңге) жұмсалады. Бұған жол шығыны, тұру, өзге мамандардың қызметі кірмейді.
«Шахматты сырттан қараған адам арзан спорт деп ойлауы мүмкін. Бірақ бізде теннис, гольф немесе бокс сияқты ірі жүлде қорлары жоқ. Соған қарамастан, шығын өте көп», – дейді Асаубаева.
Спортшының сөзінше, жаттықтырушылар жағдайды түсінеді. Алайда Қазақстандағы қолдау деңгейіне қатысты сұрақтар туындайды. Себебі ел тарихында әлем чемпионы атағына үміткерлер турниріне жолдама алу – айрықша жетістік.
Блицтен әлем чемпионатындағы жеңісінің арқасында Бибісара 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтетін үміткерлер турниріне қатысады. Бұл жарыстың жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Қазіргі әлем чемпионы – қытайлық шахматшы Ju Wenjun.
Бұған дейін де Асаубаева жүлде қаражатының бір бөлігін жаттықтырушылар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсағанын айтқан. Ал 2025 жылғы блиц әлем чемпионатынан алған сыйақысын толықтай командасына берген.
Ол бұл жағдайды әзілмен түсіндірген:
«Лотерея ұтып алған миллиардер туралы анекдот бар ғой. «Ұтысыңды қайда жұмсайсың?» десе, «Қарызымды жабамын» дейді. Менде де сол сияқты».
Бибісараның айтуынша, үлкен жеңістің артында тұтас команданың еңбегі жатыр. Ал сол еңбектің өтеуі – кәсіби спорттағы ең қымбат әрі маңызды инвестиция.
Фото: ©FIDE
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған