Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Дэвид Бекхэм мен әнші әрі дизайнер Виктория Бекхэмнің үлкен ұлы Бруклин Джозеф Бекхэм ата-анасымен арадағы қарым-қатынасты толық тоқтататынын жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазып отыр. 26 жастағы Бруклин Бекхэм отбасымен татуласудан бас тартқанын айтып, ата-анасын оның жұбайы - актриса Никола Пельтцпен арадағы қарым-қатынасын көп жылдан бері бұзуға тырысты деп айыптады. Оның сөзінше, ата-анасы келінін жүйелі түрде құрметтемеген көрінеді.
Бруклиннің айтуынша, Дэвид пен Виктория Бекхэм бастапқы кезден-ақ бұл некеге қарсы болған және отбасыға қатысты ақпаратты баспасөзге өздері іріктеп таратқан. Ең ауыр сәттердің бірі ретінде ол анасының соңғы сәтте қалыңдыққа Victoria Beckham брендімен тігілетін той көйлегінен бас тартуын атады.
Айтуынша, Никола бұл көйлекті киюді қатты қалаған.
«Өмірімнің көп бөлігінде ата-анамның бақылауында болдым. Үнемі алаңдаушылықта өстім. Отбасымнан алшақтағаннан кейін ғана алғаш рет бұл күйдің жоғалғанын сезіндім», - деп жазды Бруклин Бекхэм.
Қазіргі уақытта ол ата-анасын әлеуметтік желілерде бұғаттағанын және бұдан әрі байланыс тек адвокаттар арқылы жүзеге асатынын хабарлады.
Фото: Ашық дереккөзден