Мәзір
Футбол

Бауыржан Сағындық: «Топтан бірінші орынмен шыққанымыз – кез келген қарсыласпен ойнауға болатынын көрсетті»

Сабина Асқарқызы 86 қаралым
Бауыржан Сағындық: «Топтан бірінші орынмен шыққанымыз – кез келген қарсыласпен ойнауға болатынын көрсетті»

17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Бауыржан Сағындық ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында іріктеу кезеңінің қорытындысын бағалап, ойыншыларды іріктеу принциптері, жастар футболын дамыту бағдарламаларының әсері және алдағы элиталық раундқа дайындық жайында ой бөлісті, деп хабарлайды malimsports.kz.

– Іріктеу кезеңінің нәтижесін қалай бағалайсыз? Команда қойылған мақсатты орындай алды ма?

– Жалпы, осы кезеңдегі команда жұмысына оң баға беремін. Басты мақсат – келесі кезеңге жолдама алу еді. Жігіттер бұл тапсырманы өте жақсы орындады. Топтан бірінші орынмен шықтық. Әрине, әлі де жұмыс істейтін тұстарымыз бар. Ол бағытта міндетті түрде жұмыс істейміз. Бірақ жалпы мақсат толық орындалды.

– Ойыншылардың тәртібі, тактиканы түсінуі және ойын жоспарын орындауы көңіліңізден шықты ма? Қандай жақтарын жақсарту қажет деп ойлайсыз?

– Ең қуантқан нәрсе – футболшылардың тәртібі. Тек алаңда емес, күнделікті өмірде де өздерін жақсы жағынан көрсетті. Команда жоспарды ұстанып, тактикалық тапсырмаларды дұрыс орындады. Ойын барысындағы өзгерістерге тез бейімделе алды. Дегенмен, екінші раунд алдында атқарар жұмыс көп. Еуропаның мықты командаларына қарсы ойнау жақсы тәжірибе болды. Топтан бірінші орынмен шығу – олардың өз-өзіне деген сенімін арттырып, кез келген қарсыласпен ойнауға болатынын көрсетті.

– Биыл U-17 құрамасын жасақтағанда қандай критерийлерге назар аудардыңыз?

– Ең алдымен, ойыншылардың клубтарындағы тәжірибесіне қарадым. Біздің ойын моделіне сәйкестігі, даму әлеуеті, тәртібі және командалық жұмысқа бейімділігі басты назарда болды. Біз тек бүгін жақсы ойнайтын емес, болашақта өсетін ойыншыларды таңдауға тырыстық. U-17 құрамасының негізгі міндеті — U-19, U-21 және ұлттық құрамалар үшін сапалы резерв дайындау.

– Хорватиядағы матчтар қандай тәжірибе берді?

– Хорватиядағы ойындар біз үшін өте құнды болды. Ол жақтағы қарқын, жылдамдық, ойынның түсінігі – бәрі жоғары деңгейде. Жігіттер мүлде басқа стильдегі қарсыластарға тап болды, тез бейімделуге тура келді. Бұл олардың мінезін ашып, мықты және әлсіз тұстарымызды айқындауға мүмкіндік берді.

– Команданың дайындығына байланысты ҚФФ тарапынан көрсетілген қолдауды қалай бағалайсыз?

– ҚФФ тарапынан жасалған қолдау өте жоғары деңгейде. Жиындарға, халықаралық матчтарға, логистика мен медициналық қамтамасыз етуге толық жағдай жасалды. Бұл жаттықтырушылар штабына сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай қолдау нәтиженің сапасына тікелей әсер етеді.

– Жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған ҚФФ бағдарламаларының әсерін байқап жүрсіз бе?

– Әрине, соңғы жылдары оң өзгерістер айқын сезіледі. Мамандарды даярлау жүйесі нығайып, әр департаментте жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Өңірлерде академиялар салынып, стадиондар жаңаруда. Клубтардың жеке қолға өтуі де дұрыс қадам. Бұл – асықпай, жоспарлы түрде дамуды талап ететін процесс.

– Скаутинг, ойыншыларды іріктеу және өңірлік орталықтармен жұмысты қалай бағалайсыз?

– Бұл бағыттағы жұмысты жоғары бағалаймын. Өңірлермен байланыс нығайды. Қазір ойыншылардың даму динамикасын бақылауға мүмкіндік беретін түрлі талдау құралдары бар. Ішкі чемпионат статистикасы, халықаралық ойындардағы көрсеткіштер – бәрін ескереміз. Скаутинг жүйесі бірізденіп келе жатыр.

– Әзербайжан мен Шымкенттегі оқу-жаттығу жиындарының пайдасы қандай болды?

– Маусым айындағы жиын мен Әзербайжандағы матчтар селекциялық тұрғыдан өте маңызды болды. Көп ойыншыны байқап, олардың халықаралық деңгейде ойнау қабілеттерін көрдік. Шымкенттегі Тәжікстанға қарсы матчтар дайындықтың келесі кезеңі болды. Ол жерде ойын философиясын бекітіп, қателерді түзеттік. Команда атмосферасы мықты қалыптасты. Әр кезең өз нәтижесін берді және іріктеуге дұрыс формада келуге көмектесті.

 

 

Фото: ҚФФ

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар