Әзірбайжан президенті «Қарабақ» матчынан кейін УЕФА-ны айыптады
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Франкфурттың «Айнтрахт» командасын 3:2 есебімен жеңген «Қарабақтың» ойынына қатысты пікір білдіріп, УЕФА-ны төрешілердің біржақты шешімдері үшін сынға алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазған.
Матчты швейцариялық Сандро Шерер бастаған төрешілер бригадасы басқарды. Кездесудің шешуші голын 94-минутта Бахлул Мустафазаде соқты.
Ойынның соңғы бөлігіндегі төреші шешімдері дау туғызды. 74-минутта «Қарабақ» шабуылшысы Камило Дуран «Айнтрахттың» айып алаңында құлағанымен, төреші ереже бұзылғанын тіркемеді. Ал 78-минутта «Қарабақтың» айып алаңында Мустафазаде мен «Айнтрахт» жартылай қорғаушысы Ансгар Кнауфф соқтығысқан сәтте төреші пенальти белгілеген.
Ильхам Әлиев өз жазбасында былай деп атап өтті:
«Төрешінің әділетсіз әрі біржақты шешімдеріне қарамастан, әділдік салтанат құрды. УЕФА тағайындаған төрешілердің осындай шешімдері арқылы «Қарабақтың» жеңіске жетуіне кедергі келтіруге тырысқан жағдайлар бұрын да болған. Бұл төрешіні кім тағайындағанын УЕФА түсіндіреді деп үміттенемін», - деді президент.
Сонымен қатар, Әлиев команданы жеңісімен құттықтап, «әділдік пен қайсар рухты ешкім жеңе алмайды» деп атап өтті.
Айта кетейік, бұл жеңіс «Қарабақ» үшін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші жеңіс болды. Бұған дейін команда португалиялық «Бенфиканы» (3:2) және даниялық «Копенгагенді» (2:0) жеңген. Қазіргі таңда клубтың еншісінде 10 ұпай бар, турнир кестесінде 18-орында тұр және келесі турда плей-офф кезеңіне шығуға жақын қалды.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған