Елордадағы «Астана» футбол клубы нигериялық шабуылшы Джеффри Чинедуді сатудан табыс табуы мүмкін. Футболшының Ресейдің «Крылья Советов» командасына ауысуы ықтимал, деп хабарлайды malimsports.kz.
Осылайша, маусымаралық кезеңде «Астана» екінші ойыншысын трансферге шығарып отыр. Бұған дейін клуб белоруссиялық жартылай қорғаушы Макс Эбонгты Болгарияның ЦСКА командасына 500 мың АҚШ долларына (257 млн теңге) сатқан болатын.
Дереккөздерге сүйенсек, тараптар 50 миллион рубль көлеміндегі өтемақыға келіскен. Бұл шамамен 529 мың еуро немесе 314 миллион теңгеге тең. 28 жастағы Чинеду РПЛ-дің көктемгі бөлігінде самаралық клубтың негізгі шабуылшысы болуы мүмкін.
Айта кетейік, Джеффри Чинеду «Астана» сапына 2024 жылдың жазында еркін агент ретінде қосылған. Ол осы уақыт аралығында барлық турнирде 54 матч өткізіп, 27 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген.
Фото: "Астана" ФК