457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Аргентинада Марадона өмірінің соңғы күндері туралы массажисті сотта куәлік берді

Таффарельдің айтуынша, Марадона қайтыс болардан бір күн бұрын төсек тартып жатып қалған.

Аргентинада футболдан әлем чемпионы Диего Марадонаның өліміне қатысты сот процесінде оның массажисті Николя Таффарель спортшының өмірінің соңғы күндері туралы куәлік берді, деп хабарлайды malimsports.kz

Таффарельдің айтуынша, Марадона қайтыс болардан бір күн бұрын төсек тартып жатып қалған. Ол тамақ ішкісі келмей, жуынудан және жеке бас гигиенасын сақтаудан бас тартқан.

«Ол төсектен тұрмады, тамақ ішкісі де, жуынғысы да, жеке гигиенасына көңіл бөлгісі де келмеді», - деді массажист 6 тамызда Аргентинада өткен сот отырысында.

Массаж жасаушы Марадонаны бөлмеден шығарып, мате ішуге көндіруге тырысқанын айтты. Алайда футболшы одан бас тартқан.

«Ол маған: "Мен ештеңе қаламаймын, Таффита, болды", – деді. Мен "Болды дегеніңіз қалай?" деп сұрадым. Ол "Ештеңе, болды" деп жауап берді», - деді Таффарель.

Сонымен қатар массажист футболшының аяқтары ісіп кеткенін медициналық қызметкерлерге ескерткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, дәрігерлер алаңдамауды және бұл белгілердің басылатынын айтқан. Алайда ісік қайтпаған.

Диего Марадона 2020 жылғы 25 қарашада 60 жасында қайтыс болды. Өлімінің себебі – өкпе ісінуіне әкелген жедел жүрек жеткіліксіздігі. Осыдан екі апта бұрын футболшы миындағы қан ұйындысын алып тастау үшін операция жасатқан.

2026 жылғы 14 сәуірде Буэнос-Айрес маңындағы Сан-Исидро қаласында Марадонаның өліміне қатысты жеті медицина маманының үстінен жаңа сот процесі басталды. Оларға футболшыға тиісті медициналық көмек көрсетпеді және абайсызда өлімге әкелді деген айып тағылып отыр. Айыпталушыларға 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот алдында нейрохирург Леопольдо Луке, психиатр Агустина Косачов, психолог Карлос Диас, үй жағдайындағы емді үйлестіруші Нэнси Форлини, медбике Мариано Перрони, дәрігер Педро Пабло Ди Спанья және медбике Рикардо Альмирон жауап беріп жатыр.

Айыптау тарабының мәліметінше, Марадона миына жасалған операциядан кейін қажетті медициналық бақылаудан өтпеген. Үйде оның жағдайы нашарлай бергенімен, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Ал айыпталушылар футболшыны емдеудегі рөлдерінің шектеулі болғанын айтып, өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығаруда.

Бұл іс бойынша сот процесі алғаш рет 2025 жылғы наурызда басталған. Алайда екі жарым айға созылған тыңдаулардан кейін, 40-тан астам куәгердің қатысуымен өткен сот процесі мамыр айының соңында заңсыз деп танылды. Бұған үш судьяның бірі Джульета Макинтахтың сот процесі туралы деректі сериал дайындауға қатысқаны себеп болған. Сериалда оның өзі де негізгі назарда болған.

Диего Марадона – 1986 жылғы әлем чемпионы және ХХ ғасырдың ең үздік футболшыларының бірі. Ол мансабында Аргентинаның «Архентинос Хуниорс», «Бока Хуниорс», «Ньюэллс Олд Бойз», Испанияның «Барселона», «Севилья» және Италияның «Наполи» клубтарында өнер көрсетті. «Наполи» сапында Италия чемпионы атанып, ел кубогы мен УЕФА кубогын жеңіп алды.

Марадона жаттықтырушы ретінде Аргентина ұлттық құрамасын, БАӘ-нің «Аль-Васл» және «Аль-Фуджайра» клубтарын, Мексиканың «Дорадос де Синалоа» командасын және Аргентинаның «Химнасия и Эсгрима» клубын басқарды.

Фото:  Getty Images