Ардагер футболшы Марат Есмұратов 65 жасында өмірден озды
Қазақстан футбол федерациясы қазақ футболының ардагері, тәжірибелі ойыншы әрі білікті бапкер Марат Есмұратовтың 65 жасында өмірден өткенін хабарлады, деп жазады malimsports.kz.
Марат Жалғасұлы отандық футболдың дамуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде ел есінде қалды. Ол Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жеті мәрте алаңға шығып, кәсіби мансабында «Мелиоратор», «Машук», «Қайрат», СКИФ-«Ордабасы», «Актюбинец», «Мұнайшы» клубтарында өнер көрсетті. Футболшы ретіндегі мансабын 2001 жылы туған клубы «Қайсар» сапында аяқтады. Қазақстан Премьер-лигасында 265 матч өткізіп, алты гол соққан.
Жаттықтырушылық жолында да отандық футболға адал қызмет еткен Марат Есмұратов «Қайсар», «Ақ Бұлақ», БЖМОРСМ №2, «БТА Футзал» МФК, «Жетісу» және «Алтай» клубтарында еңбек етті.
"Қазақ футболын дамытуға сүбелі үлес қосқан Марат Жалғасұлының есімі әрдайым құрметпен аталады. Оның өнегелі өмір жолы мен спортқа сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", - деп жазылған Қазақстан футбол федерациясының ақпаратында.
Фото: ҚР футбол федерациясы
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған