АҚШ әлем чемпионаты қарсаңында виза талаптарын күшейтті
АҚШ билігі 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатысатын кейбір елдердің ойыншылары мен жанкүйерлері үшін қосымша талап енгізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Енді олар елге кіру үшін туристік виза рәсімдеу барысында 15 мың АҚШ доллары көлемінде кепілдік жарна төлеуге міндеттеледі. Аталған шектеулер жалпы саны 50 елдің азаматтарына қатысты. Солардың ішінде 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алған бес мемлекет бар: Алжир, Кабо-Верде, Сенегал, Кот-д’Ивуар және Тунис. Бұл құрамалар топтық кезеңдегі ойындарын АҚШ аумағында өткізеді.
Бағдарламада әлем чемпионаты секілді ірі спорттық жарыстарға қатысушылар үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылғаны нақты көрсетілмеген.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері барлық өтініш берушілерге бірдей талап қойылатынын мәлімдеді. Егер виза иесі белгіленген мерзім аяқталғанға дейін елден шықса, салынған кепілдік қаражат толық көлемде қайтарылады. Сонымен қатар, әрбір өтініш жеке тәртіппен қаралатыны атап өтілді.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында үш елде - АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді.
Фото: Ашық дереккөзден
Ең көп оқылған