АПЛ рекордшысы Джеймс Милнер мансабын аяқтады
Ағылшын Премьер-лигасында (АПЛ) ең көп матч өткізген футболшы Джеймс Милнер кәсіби мансабын аяқтағанын жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
40 жастағы жартылай қорғаушы бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Милнердің соңғы клубы Англияның «Брайтон» командасы болды. Тәжірибелі футболшы аталған клубтың сапында 2023 жылдың жазынан бері өнер көрсеткен еді. Оның командамен жасасқан келісімшарты 30 маусымда аяқталады.
«АПЛ-дегі 24 маусымнан кейін ойыншылық мансабымды аяқтайтын уақыт келгенін сезіндім. Футболдағы жолымды үлкен мақтанышпен, ризашылықпен және өмір бойы сақталатын естеліктермен қорытындылап отырмын. Футбол маған армандағанымнан да көп нәрсе сыйлады. Осы жолда бірге болған жандардың барлығына алғыс айтамын», - деп жазды Милнер.
2026 жылдың ақпан айында жартылай қорғаушы Англия Премьер-лигасындағы матчтар саны бойынша абсолютті рекорд орнатқан болатын. Ол бұл көрсеткіште бұған дейінгі рекорд иесі Гарет Барриді (653 матч) басып озып, кейін тағы төрт ойын өткізіп, жалпы санын 658 матчқа жеткізді. АПЛ-дегі мансабында Милнер 56 гол соққан.
Джеймс Милнер футбол жолында бірқатар танымал клубтардың намысын қорғады. Ол «Лидс Юнайтед», «Суиндон Таун», «Ньюкасл Юнайтед», «Астон Вилла», «Манчестер Сити», «Ливерпуль» және «Брайтон» командаларында ойнады.
Футболшы АПЛ чемпионы атағын үш рет жеңіп алған. Оның екеуі «Манчестер Сити» сапында болса, бір чемпиондық атақты «Ливерпульмен» бірге иеленді. Сонымен қатар, Милнер Англия ұлттық құрамасы сапында 61 матч өткізіп, бір голдың авторы атанған.
Осылайша ағылшын футболының көрнекті өкілдерінің бірі саналатын Джеймс Милнер ұзақ жылдарға созылған жарқын мансабын аяқтап, футбол тарихындағы есімін мәңгілікке қалдырды.
Фото: Getty Images
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған