Англияда футболшыға нәсілдік кемсітушілік жасаған ер адам сотталды
Англияда 60 жастағы ер адам ұлттық құраманың футболшысы Джесс Картерге нәсілшілдік сипаттағы қорлау сөздер жолдағаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
TikTok арқылы қорлау хабарламаларын жіберген ер адамды Блэкберн соты алты аптаға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда жаза 12 айға шартты түрде кейінге қалдырылды.
60 жастағы Найджел Девейл бұл хабарламаларды 2025 жылғы әйелдер арасындағы Еуропа чемпионаты кезінде жіберген. Аталған турнирде Англия құрамасы чемпиондық атағын сәтті қорғап қалған болатын. Хабарламаларда футболшының нәсіліне қатысты қорлайтын сөздер айтылып, қара нәсілді адамдарға ауыр айыптаулар тағылған.
Ланкашир графтығындағы Грейт-Харвуд қаласының тұрғыны Девейлге қосымша жаза ретінде 10 күн қоғамдық жұмыс, төрт жылға футбол матчтарына баруға тыйым, үш айлық коменданттық сағат және 239 фунт стерлинг көлемінде айыппұл тағайындалды.
28 жастағы қорғаушы Джесс Картер қазіргі уақытта АҚШ-тың «Готэм» клубында өнер көрсетеді. Бұған дейін ол «Челси» және «Бирмингем» клубтарында ойнаған.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған