Англия құрамасы әлем чемпионаты алдында ұрлыққа тап болды
Англия ұлттық құрамасы әлем чемпионаты кезінде күтпеген жағдайға душар болды. Команданың бірқатар жабдықтары мен ойыншылар пайдаланатын құралдары жоғалып кеткен, деп хабарлайды malimsports.kz.
Британдық БАҚ мәліметінше, оқиға Англия құрамасының жабдықтары Флорида штатындағы Уэст-Палм-Бичтен Миссури штатындағы Канзас-Ситиге тасымалданып жатқан кезде болған. Команда орналасқан базада жүктің бір бөлігі жетіспейтіні анықталған.
Жоғалған заттардың қатарында жаттығу доптары, аналитикалық құрылғылар, бас бапкер Томас Тухель қолданатын тактикалық тақталар және массаж үстелдері бар. Тіпті тасымалданған жабдықтардың арасынан бір ғана футбол добы табылғаны айтылды.
Сондай-ақ Англия құрамасының көшбасшылары Харри Кейн мен Джуд Беллингемнің бутсылары да жоғалған болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Канзас-Сити полициясы аталған факті бойынша күдіктіні ұстағанын хабарлап, қызметтік көліктен мүлік ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік қызметі жүк тасымалына жауапты тұлғалардың да қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қазіргі уақытта Англия футбол қауымдастығы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жоғалған жабдықтарды қайтару жұмыстарын жүргізуде. Ал команда жаттығу процесін тоқтатпау үшін қажетті құралдарды шұғыл түрде алмастыруға кіріскен.
Айта кетейік, Англия құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы матчын Хорватияға қарсы өткізеді.
Фото: Daily Mai
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған