457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Андрей Карпович: Келесі жылы еурокубок ойындарын Семейге қайта әкелуіміз керек

«Елімай» клубының бас бапкері Андрей Карпович Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде армениялық «Алашкерттен» пенальтилер сериясында жеңілгеннен кейін (негізгі уақыт – 2:2, пенальти – 5:6) матч қорытындысына баға берді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Карпович ең алдымен команданы қолдауға келген жанкүйерлерге алғысын айтып, нәтиже үшін кешірім сұрады.

Мұндай ойыннан кейін сөз табу оңай емес. Ең өкініштісі – жанкүйерлерімізді жеңіспен қуанта алмадық. Сол үшін олардан кешірім сұраймыз. Бұл нағыз тартысқа толы кездесу болды, бірақ шешуші сәтте мақсатымызға жете алмадық.

Бас бапкер бұл матчтың нәтижеден бөлек, клуб пен қала үшін тарихи маңызы болғанын атап өтті.

Бұл ойын біз үшін үлкен тәжірибе болды. Команда өз алаңында еурокубок матчын өткізді. Матчтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына және стадионда ерекше атмосфера қалыптастырған жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді.

Оның айтуынша, Семейде халықаралық талаптарға сай матч өткізу үшін үлкен жұмыс атқарылған.

Еурокубок ойындарын Семейде өткізу үшін стадионды талапқа сәйкестендіру, сертификаттау оңай болған жоқ. Осы іске атсалысқан барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Бүгін қала үшін де, клуб үшін де үлкен футбол мерекесі өтті. Өкінішке қарай, оның соңы біз қалағандай аяқталмады.

120 минутқа созылған матчтан кейін команданың тез арада ішкі біріншілікке қайта көңіл бөлуі қажет екенін айтты.

Бұл кездесу физикалық тұрғыдан да, эмоциялық жағынан да өте ауыр болды. Енді еңсемізді түсірмей, ішкі чемпионатқа бар күшімізді салуымыз керек. Алдымызда әлі бір айналым бар. Екі күннен кейін-ақ көшбасшылардың бірі – «Ордабасымен» кездесеміз. Осындай сәтте мінез көрсетуіміз керек.

Карпович клубтың ұзақ мерзімді мақсаты өзгермейтінін атап өтті.

Бүгінгі жеңілістен кейін біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Енді келесі жылы еурокубок ойындарын Семейге қайта әкелуіміз керек. Биылғы еуромаусым аяқталды, бірақ дәл бүгіннен бастап келесі маусымның дайындығы басталады.

Бапкердің айтуынша, «Елімайдың» еурокубоктарға қатысуы бір реттік жетістік болып қалмауы тиіс.

Біз үшін Еуропа аренасына шығу кездейсоқ жетістік емес, тұрақты дәстүрге айналуы керек. «Елімай» жыл сайын еурокубоктарда өнер көрсететін клубтардың қатарына қосылуға тиіс. Сол мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Фото: "Елімай" ФК