«Алтын доп» иегері Модрич әлем чемпионатынан кейін карьерасын аяқтайды
Хорватия құрамасы мен «Милан» клубының тәжірибелі жартылай қорғаушысы Лука Модрич 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін кәсіби футболдағы мансабын аяқтауы мүмкін.
Италиялық журналист Даниэле Лонго мен испаниялық As басылымының мәліметінше, 40 жастағы футболшы қазіргі таңда «Миланмен» келісімшартын ұзарту мәселесін қарастырмай отыр. Оның италиялық клубпен жасасқан келісімі 2026 жылдың 30 маусымына дейін жарамды.
Дереккөздердің хабарлауынша, «россонеридің» жобасы Модричке мансабын тағы бірнеше жылға жалғастыру туралы шешім қабылдауға жеткілікті әсер қалдырмаған. Осыған байланысты хорватиялық жартылай қорғаушы алдағы әлем чемпионатын ойыншы ретіндегі соңғы ірі турнир ретінде қарастыруда.
Соңғы апталарда тәжірибелі футболшыға бірнеше клубтан ұсыныстар түскені айтылғанымен, Модричтің өзі мансабын тағы бір маусымға созуға жеткілікті мотивация көрмей отырған көрінеді.
Сонымен қатар, оның болашағы «Реал Мадрид» клубымен байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл жолы ол футболшы емес, клуб құрылымындағы басқа қызметте жұмыс істеуі ықтимал.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Хорватия құрамасы L тобында өнер көрсетеді. Қарсыластары арасында Англия, Панама, Гана бар. Модрич үшін бұл турнир ұлттық құрама сапындағы соңғы халықаралық жарыс болуы мүмкін.
Фото: @lukamodric10
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған