Алматы маңындағы «Атлетико Мадрид» академиясында 100-ден аса қазақстандық бала жаттығады
Алматы облысында халықаралық деңгейдегі футбол инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар қаласында Еуропаның атақты клубтарының бірі – «Атлетико Мадрид» стандарты бойынша жұмыс істейтін футбол академиясы жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.
Әкімнің айтуынша, бүгінде академияда еліміздің түрлі өңірінен келген 113 жас спортшы жаттығып жүр. Оқыту әдістемесі толықтай Испания клубының әлем бойынша қолданатын жүйесіне сәйкес келеді.
«Футбол жанкүйерлері үшін жақсы жаңалық. Талғардағы халықаралық стандартқа сай футбол академиясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 113 бала тәлім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының жаңа заманауи академиясының құрылысы басталды», - деді Марат Сұлтанғазиев.
«Атлетико Мадрид» академиясы қандай?
Испандық клубтың академиялары Еуропа, АҚШ, Латын Америкасы, Азия және Таяу Шығыс елдерінде жұмыс істейді. Олар:
• тактикалық ойлауды дамытуға,
• төзімділікке,
• командалық ойынға,
• жеке шеберлікті шыңдауға
бағдарланған ерекше жаттығу жүйесімен танымал.
Талғардағы орталықты испан клубының талаптары бойынша оқытудан өткен мамандар басқарады. Жаттықтырушылар құрамында еуропалық лицензиясы бар шетелдік мамандар да бар. Балалар техникалық дайындық, ойын тәжірибесі, тактикалық сабақтар және жеке жаттығулар бойынша оқытылады.
КФФ академиясының құрылысы басталды
Сонымен қатар облыста Қазақстан футбол федерациясының жаңа академиясының құрылысы басталған. Жаңа нысанда:
• футбол алаңдары,
• жатақхана,
• оқу аудиториялары,
• медициналық блок,
• тренажер залдары,
• жыл бойы жұмыс істейтін спорт инфрақұрылымы
орналасады.
Бұл жоба Талғардағы испандық орталықтың жұмысын толықтырып, елімізде жас футболшыларды дайындаудың біртұтас жүйесін қалыптастыруы тиіс.
Фото: ОКҚ
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған