Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Уэльс құрамасына қарсы өткен (0:1) ойынан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
«Мұндай матчтан кейін ой түю қиын. Ойын басында басымдық қарсыласта болды. Бірақ кейін біз ойынды түзедік. Бірінші таймда айтарлықтай мүмкіндік болған жоқ, тек шыдау керек еді. Ал екінші таймға арналған жоспарымыз болды: жасанды алаң, жанкүйерлердің қолдауы, қарсыластың шаршауы – соған сендік.
Екінші таймда түзетулер енгізген соң жігіттер ойынды жандандырып, біз күткен деңгейін көрсете бастады. Өкінішке қарай, бүгін де Солтүстік Македониямен ойындағыдай жолымыз болмады. Жігіттерге де, жанкүйерлерге де алғыс айтамын. Команда қолдауды сезінді. Біз жанкүйерлерімізді жақсы көреміз. Өкініштісі, соңғы екі ойында доп бес мәрте қақпа бағанына тиді», – деді Әлиев.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы келесі ойынын 7 қыркүйек күні сырт алаңда Бельгияға қарсы өткізеді.