Әлем чемпионатының ашылу матчында алғаш рет үш қызыл қағаз көрсетілді
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу кездесуінде тарихи рекорд тіркелді. Бас төреші турнирдің алғашқы матчында бірден үш қызыл қағаз көрсетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен ойында Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасын 2:0 есебімен жеңді.
Кездесудің 49-минутында оңтүстікафрикалық жартылай қорғаушы Яя Ситхоле қарсылас шабуылшысына соңғы үміт ережесін бұзып, тікелей қызыл қағаз алды.
84-минутта бейнеқайталау жүйесінің (VAR) көмегімен ОАР құрамасының тағы бір ойыншысы Темба Зване қарсыласының бетіне қол сермегені үшін алаңнан қуылды.
Ал қосымша уақыттың екінші минутында Мексика құрамасының капитаны, Мәскеудің «Локомотив» клубында өнер көрсететін қорғаушы Сесар Монтес қарсыласын гол соғу мүмкіндігінен айырғаны үшін қызыл қағазбен жазаланды.
Осылайша әлем чемпионаттарының ашылу матчтары тарихында алғаш рет үш ойыншы алаңнан қуылды.
Бұған дейінгі рекорд 1990 жылғы әлем чемпионатының ашылу ойынында тіркелген болатын. Аргентина мен Камерун құрамалары арасындағы кездесуде Камерунның екі футболшысы қызыл қағаз алған еді.
Ал әлем чемпионаттарындағы бір матчтағы ең көп алаңнан қуылу көрсеткіші ресейлік төреші Валентин Ивановқа тиесілі. Ол 2006 жылғы әлем чемпионатының Португалия мен Нидерланд құрамалары арасындағы 1/8 финалдық ойында төрт ойыншыны алаңнан шығарған.
Айта кетейік, Мексика мен ОАР А тобында Оңтүстік Корея және Чехия құрамаларымен бірге өнер көрсетеді. Ал 48 құраманың қатысуымен өтетін әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылады.
Фото: Getty Images
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған