Александр Меркель карьерасын Қазақстанда жалғастырады
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Александр Меркель мансабында тұңғыш рет Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетпек.
Футболшы елордалық «Жеңіс» футбол клубымен келісімшартқа қол қойды.
Александр Меркель қазақстандық жанкүйерлерге ұлттық құрамадағы ойынымен жақсы таныс. Ол 2015 жылы Қазақстан құрамасына алғаш рет шақырту алып, Исландияға қарсы жолдастық кездесуде алаңға шыққан.
Төрт жылдан кейін жартылай қорғаушы ұлттық командаға қайта оралып, Шотландия және Ресей құрамаларына қарсы матчтарға қатысты. Алайда құжат мәселелеріне байланысты оның ұлттық құрамадағы мансабы жалғасын таппады.
Клубтық мансабында Меркель бірқатар танымал командалардың намысын қорғады. Атап айтқанда, ол:
Италияда – «Милан», «Дженоа», «Удинезе», «Пиза»;
Англияда – «Уотфорд»;
Швейцарияда – «Грассхоппер»;
сондай-ақ Германия, Сауд Арабиясы, Түркия, Нидерланд және Австрия чемпионаттарында өнер көрсетті.
Футболшының соңғы клубы – Дубайдың «Легентус» командасы.
Меркель «Милан» клубының академиясында тәрбиеленіп, 20 жасында негізгі команда сапына дейін көтерілген. «Россонерилер» жейдесінде 13 матч өткізгенімен, негізгі құрамда тұрақты ойыншы бола алмады.
Ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 3 матч өткізген. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, кейін Қазақстан паспортының күшін жоғалтып, ұлттық құрамада ойнау мүмкіндігінен айырылған. Қазіргі таңда оның «Жеңіс» клубында қай елдің төлқұжаты бойынша тіркелетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Жеңіс» клубын Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиев жаттықтырады.
Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәжірибелі футболшының келуі команданың алдағы маусымдағы нәтижесіне оң әсер етеді деп күтілуде.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған