Мәзір
Футбол

Абат Айымбетов Румынияның «Петролул» клубына ауысады

Сабина Асқарқызы 78 қаралым
Абат Айымбетов Румынияның «Петролул» клубына ауысады

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов мансабын Румыния чемпионатында жалғастырады. 30 жастағы футболшы «Петролул» клубының ойыншысы атануы мүмкін, деп хабарлайды malimsports.kz.

Айымбетов бүгін Плоешти қаласына барып, клубпен келісімшартқа қол қояды. Ол өткен жылдан бері еркін агент мәртебесінде болған.

Дегенмен қазақстандық форвард жаңа команда сапында бірден алаңға шыға алмайды. Біріншіден, оған жаңа ортаға бейімделу қажет, екіншіден, жұмыс визасын рәсімдеу мәселесі бар. Бұл процесс шамамен екі аптаға созылуы мүмкін. Осыған байланысты оның дебюті плей-аут кезеңінде өтуі ықтимал.

Румыниялық БАҚ мәліметінше, әзірге бас бапкер Эужен Нягое шабуыл шебінде Гику Грозав пен Чикэ Рошэге сенім артады. Қазіргі таңда «Петролул» чемпионаттағы ең аз гол соққан командалардың бірі — 26 матчта 19 гол.

Абат Айымбетов соңғы рет Түркияның «Адана Демирспор» клубында ойнады. Жазда командадан кеткеннен кейін біраз уақыт клубсыз қалып, Астанада жеке дайындалған.

Ұлттық құрама сапында ол 45 матч өткізіп, 9 гол соққан. Transfermarkt дерегінше, футболшының нарықтық құны 400 мың еуро шамасында.

Қазақстанда Айымбетов «Ақтөбе», «Қайрат» және «Астана» клубтарында өнер көрсетті. Сондай-ақ Ресейдің «Крылья Советов» және Түркияның «Адана Демирспор» командаларында ойнады. Кәсіби мансабында 274 матчқа қатысып, 68 голдың авторы атанған.

Осылайша, Абат Айымбетов Румыния чемпионатында өнер көрсететін алғашқы қазақстандық футболшы болмақ.

 

 

Фото: ҚФФ

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар