457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

2026 жылғы әлем чемпионатында қандай рекордтар жаңаруы мүмкін?

1998 жылдан 2022 жылға дейінгі әлем чемпионаттарында 64 ойын өткізілсе, 2026 жылғы мундиальда командалар жалпы саны 104 матч ойнайды.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусымда басталды. АҚШ, Канада және Мексикада өтетін мундиаль турнир тарихындағы ең ауқымды дода болмақ. Алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 32 емес, 48 ұлттық құрама қатысады, деп жазады malimsports.kz

Турнирдің басты рекорды матчтар санына қатысты болмақ. 1998 жылдан 2022 жылға дейінгі әлем чемпионаттарында 64 ойын өткізілсе, 2026 жылғы мундиальда командалар жалпы саны 104 матч ойнайды. Бұл өз кезегінде турнир тарихындағы ең көп гол соғу рекордының жаңару ықтималдығын арттырады. Қазіргі рекорд – 172 гол. Бұл көрсеткіш 1998 және 2014 жылғы әлем чемпионаттарында тіркелген.

Сондай-ақ қатысушылар саны бойынша да жаңа рекорд орнайды. Әлем чемпионы атағы үшін алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Соның нәтижесінде әлемдік додада өнер көрсететін футболшылар саны да айтарлықтай көбейеді.

2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш мемлекетте – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Ал Мексика әлем чемпионаты матчтарын үшінші рет қабылдайтын алғашқы ел атанбақ.

Аргентиналық шабуылшы Lionel Messi мен португалиялық жұлдыз Cristiano Ronaldo әлем чемпионатына алтыншы рет қатысқан алғашқы футболшылар ретінде тарихқа енуі мүмкін. Қазір бұл рекорд бес әлем чемпионатына қатысқан алты ойыншыға тиесілі.

Месси әлем чемпионаттарындағы матчтар саны бойынша өз рекордын жаңартуға жақын. Қазіргі таңда ол мундиальдарда өткізген 26 ойынымен көш бастап тұр.

Сонымен қатар Месси мен франциялық шабуылшы Kylian Mbappé әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша рекорд жаңартуы ықтимал. Бұл көрсеткіш әзірге германиялық Miroslav Kloseге тиесілі – 16 гол. Мессидің еншісінде 13, ал Мбаппенің қоржынында 12 гол бар.

Аргентина құрамасының капитаны Месси әлем чемпионаттарындағы жеңістер саны бойынша да Клозенің рекордын басып озуы мүмкін. Неміс шабуылшысы мундиальдарда 17 жеңіске жетсе, Мессидің еншісінде 16 жеңіс бар.

Ал Испания құрамасының 18 жастағы жас жұлдызы Lamine Yamal әлем чемпионатының үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» сыйлығының ең жас иегері атануы мүмкін. Қазіргі рекорд Diego Maradonaға тиесілі. Ол 1986 жылғы әлем чемпионатында 25 жасында турнирдің үздік ойыншысы атанған еді.

Осылайша, 2026 жылғы әлем чемпионаты жаңа форматымен ғана емес, бірқатар тарихи рекордтардың жаңару мүмкіндігімен де жанкүйерлер назарын өзіне аударып отыр.

Фото: Getty Images