2026 жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасында 16 команда ойнайды
2026 жылдан бастап футболдан Қазақстан Премьер-лигасында 16 клуб бақ сынайтын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдегі футбол инфрақұрылымын күшейту және чемпионаттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Премьер-лига құрамын кеңейту туралы шешім қабылданған.
«2026 жылдан бастап Премьер-лигада 16 клуб ойнайды. Сонымен қатар, 2028 жылға дейін легионерлер лимиті кезең-кезеңімен қысқартылып, 12-ден 8 ойыншыға дейін төмендейді. Биыл Қазақстан құрамасының Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейнге қарсы үй матчтарына 82 722 жанкүйер жиналды, бұл халықаралық ойындарға деген жоғары қызығушылықты көрсетті», — деді Давид Лория.
Сонымен қатар бас хатшы ұлттық құраманың Бельгияға қарсы 15 қарашада өтетін үй матчы да жанкүйерге лық толады деп күтіліп отырғанын атап өтті.
Қазақстан клубтарының табыстары
2025 жылы «Қайрат» клубы алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Ал «Астана», «Ордабасы» және «Ақтөбе» командаларының халықаралық аренадағы сәтті ойыны Қазақстанның УЕФА рейтингінде 39-орыннан 34-орынға көтерілуіне ықпал етті.
Сонымен қатар Қазақстан:
2027 жылы 19 жасқа дейінгі ойыншылар арасында футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін өткізеді;
2028–2029 жылғы маусымда УЕФА Конференция лигасының финалын қабылдауға ресми өтінім берді.
Федерация өкілдерінің айтуынша, бұл қадамдар қазақстандық футболдың халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, елдегі спорт саласының дамуына жаңа серпін береді.
Фото: ҚФФ
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған